7 ТАРАУ. Жылу энергетикалық қондырғыларды сумен қамтамасыз ету
7.1 Су туралы жалпы мағлұмат
Өнеркәсіп орындарында, тұрмыста бастапқы су ретінде көбінесе жер үсті су көздері мен жер асты сулары қолданылады, ал теңіз және мұхит сулары азырақ пайдаланылады. Осы аталған сулардың бәрі әртүрлі қасиеттермен сипатталады. Мысалы, өзен және жер асты сулары топырақпен жанасып, ондағы көптеген тұздарды ерітеді. Жер асты сулары сол топырақ қабаттары арқылы сүзіліп өтіп көбінесе мөлдір болып келеді. Ал өзен сулары жауын мен көктемгі тасқындар нәтижесінде, жағадағы көп заттарды ілестіріп алып, құрамында қалқып жүрген әртүрлі бөлшектерді сақтап қалады. Тұрғылықты мекендердің маңайындағы сулар әртүрлі өнекәсіптердің пайдаланылған суларымен ластанады. Жауын суындағы жалпы тұз құрамы 50 мг/л аспайды. Жер беті және жер асты суларындағы еріген тұздардың концентрациясы айналасын қоршаған топырақтың құрамына байланысты және ол 200-ден 1500 мг/л шамасында болады, ал теңіз суларында – 15000-20000 мг/л, мұхит суларынд а-35000 мг/л маңайында болады [22].
Табиғи суларды өнеркәсіпте және тұрмыстық қажеттіліктеріге көп жағдайда бірден пайдалану мүмкін емес. Қазірдің өзінде табиғи судың әртүрлі тазалығын, алдын-ала өңделуін қажет ететін өндіріс орындарының 300- ден астам түрлері бар. Су сапасына қойылатын түрлі талаптарды қанағаттандыру үшін бастапқы табиғи суды өңдеуге арнаулы физика-техникалық жағдай туғызу керек. Ол су дайындау қондырғыларында немесе арнаулы су дайындау цехтарда жүргізіледі.
Бастапқы суға ең жоғары талаптар қоятын жылу энергетикалық өндірістері болып табылады. Себебі ондағы су мен буы энергияны таратып және түрлендіріп отыратын жұмыс денесі ретінде қолданылады. Ал осы үрдістердің тиімділігі көбінесе су және бумен шайылатын беттердің тазалығына байланысты. Су мен буда еріген және ерімей қалқып жүрген заттардың, онымен қоса агрессивті заттардың болуы қыздыру беттерінде шөгінділер мен коррозияның түзілуіне әкеліп соғады [23].